«Барыс» жақын арада қақпашы Оливье Родригпен келісімшартты бұзуы мүмкін, деп хабарлайды инсайдер Артур Хайруллин. Хоккейшінің жалақысы 30 млн рубльді (191,3 млн теңге) құрайды деп айтылған, деп хабарлайды Sport+.

Қақпашы бұл маусымаралықта командаға қосылғанымен, астаналық клуб үшін бірде-бір матч өткізген жоқ. Ол жарақатпен келген, бұл оған ойнауға мүмкіндік бермей отыр.

— Әзірге ол емделіп жатыр. Өкінішке қарай, жарақаты бар. Біз оған қатты сенген едік. Бірақ осындай жағдай болып қалды. Негізі, оның бұрын-соңды мұндай мәселелері болмаған, біздің деректер бойынша да, маусым алдындағы дәрігерлік тексерісте де бәрі дұрыс болған, — деді бас бапкер Михаил Кравец БАҚ өкілдерімен кездесуде.

Өткен маусымды Оливье Родриг «Эдмонтон» жүйесінде өткізді. Ол НХЛ-де екі ойынға қатысып, сенімділік коэффициенті 3,10 болды. Ал АХЛ-де 41 матч өткізіп, соққылардың 89,7%-ын қайтарды, сенімділік коэффициенті – 3,12.