Dar Team командасының бас жаттықтырушысы Эдуард Базров спортшылардың алдағы NAIZA турниріне, сондай-ақ Асу Алмабаевтың UFC-дегі келесі жекпе-жегіне қалай дайындалып жатқанын айтып берді.

«Жаттығу жиынына келгенімізге бір аптаға жуықтады. Қазір базада дайындалып жатырмыз. Бижан Ходжалиев пен Мейірбек Есқазиев 1 қарашада Павлодарда өтетін NAIZA турниріне дайындалуда.

Мейірбекке өте мықты қарсылас берілді. Ол — Наби Ашурлаев. Бұл жекпе-жектің жеңімпазы чемпиондық белбеуге келесі үміткер атануы әбден мүмкін.

Ал Бижанның қарсыласы әзірге анықталған жоқ. Бірақ жақын күндері есімі белгілі болуы тиіс. Дайындық жоспар бойынша өтіп жатыр. Жігіттердің көңіл күйі жақсы.

Асу Алмабаев та 21 қарашада өтетін келесі жекпе-жегіне дайындалып жатыр. Сонымен қатар Нұрлан Новрузов бізбен бірге IMMAF әлем чемпионатына дайындалуда.

Жаттығу жиынына арнайы келген спортшылар да бар. Солардың бірі — Осетиядан келген Eagle FC чемпионы Қазбек Салмурзаев. Ол Асудың дайындығына көмектесу үшін келді.

26 қазанға дейін осы жерде жаттығамыз. Одан кейін әрқайсымыз өз жекпе-жектерімізге аттанамыз», — деді Эдуард Базров.

Еске салайық, NAIZA турнирі 1 қарашада Павлодарда өтеді. Жарысты Sport+ Qazaqstan телеарнасынан тікелей эфирде көре аласыздар.