Қазақстанның әйелдер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» санатындағы Уимблдон турнирінің алғашқы айналымында жеңіске жетті, деп хабарлайды Sport+ ҚТФ сілтеме жасап. 

Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған қазақстандық теннисші жарыстың алғашқы кезеңінде әлемнің 154-ракеткасы, франциялық Лоис Буассонмен кездесті.

Матч үш сетке созылып, Рыбакинаның 6:4, 1:6, 6:3 есебімен жеңісімен аяқталды. Теннисшілер кортта 1 сағат 49 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Елена алты эйс жасап, үш қос қателікке жол берді және 10 брейк-пойнттың екеуін сәтті пайдаланды.

Екінші айналымда Рыбакина румыниялық Елена-Габриэла Русе мен америкалық Кэти Макнелли арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.