«Астана» баскетбол клубының капитаны Илья Пестов Sport+ сайтына берген сұхбатында Қазақстан Кубогының үшінші орын үшін өткен матчында «Тұранға» қарсы ойыннан алған әсерімен бөлісті.
«Біз қола медаль жеңіп алдық. „Тұранға“ қарсы кездесу оңай болған жоқ. Матчтың бастапқы бөлігін есептемегенде, ойынның басым бөлігінде есепте алда болдық. Қажетті сәттерде ұпай жинап, жылдам баскетбол ойнауға көштік. Кей кездері, керісінше, қарсыласты шаршату үшін ойын қарқынын әдейі бәсеңдеттік».
— «Астана» жас құраммен өнер көрсетті. Тәжірибелі баскетболшыларға қарсы бәсекелесу команда үшін қаншалықты қиын болды?
— Әрине, біз сияқты жас ойыншыларға тәжірибелі баскетболшыларға қарсы ойнау оңай емес. Кейде физикалық дайындық жағынан, кейде ойын барысындағы шешім қабылдауда қарсыластарымызға есе жібереміз. Астанаға оралған соң қателіктерімізді түзетеміз. Менің ойымша, маусым барысында Қазақстан Кубогында жеңілген командаларға лайықты бәсекелестік таныта аламыз.
