Шайбалы хоккейден Словакияның  Братислава қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиадаға іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan Olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып. 

D тобындағы іріктеу турнирі аясындағы екінші матчты Қазақстан құрамасы Австрияға қарсы өткізді. 

Өте тартысты ойынның тағдыры соңғы минуттарда шешілді. 

Алдымен Қазақстан құрамасының ойыншысы Дмитрий Бреус ойынның 2-минутында есеп ашып, команданы алға шығарды. 

Ал 43-минутта австриялық хоккейші Рафаэль Хербургер есепті теңестірді. 

Араға он минут салып Тамирлан Гайтамиров Қазақстан құрамасын алға шығарды. Есеп - 2:1. 

Қазақстан құрамасы матч соңына дейін осы басымдықты ұстап, топтағы екінші матчта жеңіске жетті. 

Қысқы Олимпиада жолдамасын топта жеңімпаз атанған команда ғана иеленеді. Қазақстандықтар шешуші  матчта Словакияға қарсы ойнайды.