Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин FIP Promises U16 Азия рейтингінде екінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Sport+.
Сонымен қатар қазақстандық қыздар да үздік ондыққа еніп, отандық падел спортында жаңа жетістікке қол жеткізді.
Халықаралық падел федерациясының (FIP) жаңартылған рейтингі бойынша бірден бірнеше қазақстандық спортшы Азияның үздік жас паделшілерінің қатарына енді.
Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин 16 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы FIP Promises Азия рейтингінде екінші орынға жайғасты. Қазақстандық спортшылар 1785 ұпай жинап, рейтинг көшбасшысы, катарлық Саид Хашем Алмазеедиден 1285 ұпайға қалып келеді.
Қыздар арасындағы жасөспірімдер паделінде де тарихи жетістік тіркелді. Алғаш рет бірден үш қазақстандық спортшы FIP Promises U18 Азия рейтингінің үздік ондығына енді. София Пак төртінші орынға көтерілсе, Айлин Амантай мен Әдия Бектемісова сегізінші орынға жайғасты.
Қазақстандық спортшылардың рейтингтегі жетістіктері өз елімізде өткен халықаралық жарыстардағы табысты өнерлерінің заңды жалғасы болды.
Жақында Алматыда FIP Promises Almaty жасөспірімдер сериясының екінші турнирі аяқталды. Аталған жарыста Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин 16 жасқа дейінгі санатта чемпион атанып, 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында финалға дейін жетті.
Ал София Пак екі жас санатында бірдей топ жарып, U16 және U18 санаттарында чемпиондық атақты жеңіп алды.
