Қазақстан құрамасының өкілі Рамазан Айнегов Сенегалдың Дакар қаласында өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport+.

Қазақстандық триатлоншы қашықтықты 53 минут 27 секундта бағындырып, жапониялық Дайки Нисидзакимен үшінші орынды бөлісті. Екі спортшы мәреге бір уақытта жетіп, жеңімпаздан 14 секундқа қалып қойды.

Олимпиада чемпионы атанған португалиялық Артур Гашпар 53 минут 13 секунд нәтиже көрсетті. Екінші орынды Люксембург өкілі Эмиль Ванолст (53:23) иеленді.

Осылайша, Қазақстан құрамасының Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында жеңіп алған медаль саны екіге жетті. Бұған дейін дзюдошы Фатима Супыгалиева 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салған болатын.