Шымкентте өтіп жатқан ATP Challenger 50 сериясындағы турнирдің жекелей сынында ширек финалға жолдама алған барлық спортшылар анықталды. Өкінішке қарай, доданың бұл кезеңіне Қазақстан өкілдері өте алмады.

Денис Евсеев (ATP рейтингісінде №408) екінші айналымда хорватиялық Мили Поличкаға (№313 ATP) есе жіберді. Бірінші партия тартысты өткенімен, шешуші сәтте хорват теннисішісі басым түсті. Ал екінші сетте Поличка тізгінді толықтай өз қолына алды. 1 сағат 24 минутқа созылған матчтың қорытынды есебі – 5:7, 1:6. Қарсыластың жеңіске жетуіне оның мықты соққылары септігін тигізді: ол ойын барысында 7 эйс жасады.

Ширек финалдық жұптар:Александр Бинда (Италия, №469 ATP) – Манас Манодж Дхамне (Үндістан, №444 ATP);
Антуан Гибодо (Франция, №325 ATP) – Андрей Недич (Босния және Герцеговина, №285 ATP);
Бувайсар Гадамаури (Бельгия, №357 ATP) – Мили Поличка (Хорватия, №313 ATP);
Эдас Бутвилас (Литва, №261 ATP) – Макс Ганс Реберг (Германия, №641 ATP).
Сонымен қатар, Григорий Ломакин де өз еліндегі доданы аяқтады. Жұптық сында отандасымыз ресейлік Петр Бар Бирюковпен бірге Виктор Дурасович (Норвегия) / Кай Венельт (Германия) тандемінен 3:6, 5:7 есебімен жеңіліп қалды.

Осылайша, Шымкент корттарындағы қос разряд бойынша бас жүлде үшін тартыс жергілікті теннисшілердің қатысуынсыз жалғасады. ATP Challenger 50 сериясының екінші турнирі 3 мамырда мәресіне жетеді.

Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!