«Барыс» хоккей клубы командасының жетекші ойыншыларының бірі Тайс Томпсон «Сібірге» қарсы матчтан кейін Sport+ тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

— Матч барысында есепте алда болдыңыздар, алайда өз айдындарыңызда «Сібірден» жеңіліп қалдыңыздар. Ойыннан кейін қандай сезімдесіз?

— Өкінішті жеңіліс болды. Есепте алда болдық, бірақ шынымды айтсам, бұл басымдыққа толық лайық болдық деп ойламаймын. Матчты жақсы бастадық деп айта алмаймын. Алғашқы минуттардан бастап ойынға толық дайын болмадық. Кездесудің ортасына қарай өз ойынымызды таба алдық, алайда соңына таман қайтадан сол қарқынымыздан айырылып қалдық. Келесі матчқа дейін жұмыс істеп, түзетуіміз қажет тұстар бар. Бүгін бәрін ұсақ-түйек жайттар шешті. Біз «Сібірмен» плей-офф жолдамасы үшін күресіп жатырмыз. Сондықтан қарсыласымызға жеңіске жетуге мүмкіндік бергеніміз өкінішті. Бұл жеңіліс командаға ауыр тиді. Біз «Авангардқа» қарсы кездесуге дайындалдық, бірақ бүгін, менің ойымша, мұз айдынына толық дайындықпен шыға алмадық.

— Маусымдағы алғашқы кездесуде «Сібірді» ірі есеппен жеңген едіңіздер. Бүгінгі ойын алдында қосымша қысым сезіндіңіздер ме? Осы қарсыласқа ерекше дайындалдыңыздар ма?

— Жоқ. Менің ойымша, әр матчқа бірдей дайындалу керек. Қалыптасқан күн тәртібін сақтап, өз ойыныңды көрсетуге көмектесетін әдеттерден ауытқымаған жөн. Иә, өткен жолы «Сібірді» ірі есеппен жеңдік, бірақ оның қазір ешқандай маңызы жоқ. Бұл лигада кез келген команда кез келген қарсыласын жеңе алады. Мұнда барлық қарсылас мықты. Сондықтан әр ойынға дайын болуымыз қажет. Өкінішке қарай, бүгін белгілі бір себептермен 60 минут бойы жоғары деңгейде өнер көрсете алмадық. Ойынның кейбір бөліктерінде жақсы хоккей көрсеттік, бірақ жеңіске жету үшін сол деңгейді матчтың басынан аяғына дейін сақтау қажет.

— «Барыс» өз айдынында үш рет жеңіске жетсе, түзде бес матчта басым түсті. Өз алаңдарыңызда нәтижені жақсарту қаншалықты маңызды және қазіргі көрсеткіштерді немен байланыстырасыз?

— Әрине, өз алаңымызда ойнау өте керемет. Біздің жанкүйерлеріміз тамаша. Өкінішке қарай, әзірге өз айдынымызда небәрі үш жеңіске қол жеткіздік. Бірақ әр матчтың маңызы зор. Біз әр кездесуге жеңіске жету үшін шығамыз және бар күшімізді соған жұмсаймыз. Өз алаңымыздағы жеңістеріміздің саны түздегі матчтарға қарағанда аз екені өкінішті. Біз бұл жағдайды жақсы жаққа өзгертуге тырысамыз.