Қазақстандық жауынгер Зәмзәгүл Файзұллақызы Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында «Alash Pride» турниріндегі қарсыласы Хожонисоны нешінші раундта құлататынын айтып берді.
- «Alash Pride» лигасы Хожонисо Комолидиновамен титулдық айқасыңызды жариялады. Жалпы бұл реванш сіз үшін қаншалықты қызықты?
- Бұл әңгіменің шыққанына 2 жыл болды. Ол реваншқа жиі шақырады. Маған титулдық жекпе-жек болған соң қызық болды. «Alash Pride» жағынан сұраныс көп болды. Хожонисо «менімен төбелесуге қорқасың ба?» деп сыртымнан намысыма тиетін сөздер айтып жүрген соң келістім. Кімнің қаншалықты дайындалғанын алда көресіздер.
- Титулдық жекпе-жек статусы мотивация бере ме?
- Иә, «Alash Pride» лигасында қыздар арасында титулдық жекпе-жек болмаған. Мен оны жеңіп алсам, титулға төбелескен қазақтың тұңғыш қызы деген атаққа ие болайын деп тұрмын. Атымды тарихта алтын әріптермен қалдыратын маңызды жекпе-жек болмақ.
- ONE FC-дегі Хожонисо жекпе-жегін көрдіңіз бе?
- Иә, оның жекпе-жегін қарап шықтым. Ол ана-атанғаннан соң жапон қызынан ұтылып қалды. Оның бәрін мен көрдім. Ал дайындығы жайлы айта алмаймын.
- Бұл жолы жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отырсыз ба?
- Бұл қыздың көп сөйлейтіні бар. 8 төрешінің шешімімен келіспей, жеңілгенін мойындамай, халықты адастыратын сөздер айтады екен бұл қыз. Сондықтан жекпе-жекті 2 раундтан асырмауға тырысамын. Мен өз-өзіме сенемін!
