Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы WBC белбеуінің иегері, америкалық боксшы Джермалл Чарлоны жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

BoxingScene.com порталының X желісіндегі ресми парақшасында Джермалл Чарлоның сұхбатының үзіндісі жарияланған еді.

"Мен ыңғайы келсе Жәнібекпен, Адамспен жұдырықтасамын. Мен ешқашан ешкімнен жалтарған емеспін", — деді америкалық боксшы.

Кейін Жәнібек Әлімханұлы бұл жазбаға "Мен күтіп отырмын" деп жауап берді.

Джермалл Чарло соңғы рет өткен жылы қарашада жекпе-жекке шықты. Ол Хосе Бенавидесті төрешілердің шешімімен жеңген еді (100-90, 99-91, 98-92).

Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет рингке өткен жылы қазан айында шығып, неміс боксшысы Винченцо Гуальтьериді 6-раундта техникалық нокаутпен жеңді. WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған болатын.