Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Румынияның Яссы қаласында өтіп жатқан WTA 250 санатындағы турнирдің финалына жолдама алды.

Жібек армениялық Алина Чараевамен жұптасып, жартылай финалда турнирдің бірінші нөмірлі жұбы – бельгиялық Магали Кемпен мен ресейлік Александра Пановаға қарсы ойнады.

Кездесу екі сетке созылып, Құламбаева мен Чараеваның 6:4, 7:6 (7:3) есебімен жеңісімен аяқталды.

Теннисшілер кортта 1 сағат 51 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Жібек пен оның серіктесі эйс жасамады, алты рет қос қателік жіберді және иеленген алты брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды.

Осылайша, қазақстандық-армениялық жұп турнирдің финалына шықты. Олардың финалдағы қарсыластары кейінірек анықталады.