Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының өкілі Алексей Чуркин Қытайдың Нинбо қаласында өткен 2026 жылғы әлем чемпионатында төртінші орын иеленді, деп хабарлайды Sport+.
Қазақстандық спортшы 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Чуркин жұлқа көтеруде 168 келіні бағындырса, серпе көтеруде 210 келіні көтерді. Осылайша, қос жаттығудың қорытындысы бойынша 378 келі нәтижемен жалпы есепте төртінші орынға тұрақтады.
Әлем чемпионы атағын қос сайыстың қорытындысы бойынша 390 келі көтерген Мысыр өкілі Мохамед Абдельрахман Эльсайед жеңіп алды. Күміс медаль колумбиялық Йейсон Лопеске (387 келі), ал қола жүлде қытайлық Лэй Цзяньцинге (382 келі) бұйырды.
Қазақстанның тағы бір өкілі Едіге Емберді жарысты 16-орында аяқтады. Ол жұлқа көтеруде 157 келіні, серпе көтеруде 198 келіні бағындырды. Қос жаттығудың нәтижесі бойынша қазақстандық спортшы жалпы 355 келі көтерді.
