Астанада өтетін World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 жүзуден Әлем кубогының кезеңі аясында әйгілі спортшылар — Олимпиада чемпионы Кэмерон Макэвой, әлем чемпионы Цинь Хайян және әлем чемпионатының жүлдегері Юй Итинг жас жүзушілерге шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды Sport+.
Шеберлік сабағына түрлі мектептер мен спорт клубтарынан 10–12 жас аралығындағы 35 бала қатысты.
Әлемнің үздік спортшыларымен кездесу жас жүзушілерге кәсіби жүзу спортының қыр-сырын тереңірек танып, атақты спортшылардың тәжірибесін үйренуге және ірі халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге жеткен чемпиондардан құнды кеңестер алуға мүмкіндік берді.
Кэмерон Макэвой жас спортшылармен кездесуден алған әсерімен бөлісіп, мұндай іс-шаралардың өскелең ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті.
«Бұл мен үшін ерекше тәжірибе болды. Астананың жүзу спорты қауымдастығымен танысқаныма өте қуаныштымын. Бала кезімде осындай шеберлік сабақтарына қатысып, өзім үлгі тұтатын кәсіби спортшылардан үйренгенді ұнататынмын. Сондықтан мұнда келіп, жүзу спортындағы жолын енді бастап жатқан жас спортшылармен білімім мен тәжірибемді бөлісу мен үшін үлкен қуаныш. Балалардың арасында талантты жүзушілердің аз емес екенін де байқадым. Бұл мені қатты қуантты», — деді Олимпиада чемпионы.
Шеберлік сабағына қатысушылар әлемдік жүзу жұлдыздарымен тілдесіп, олардың спорттағы жетістіктері мен жүріп өткен жолы туралы көбірек мәлімет алды. Сондай-ақ алдағы жаттығуларға деген ынта-жігерін арттырды.
Еске сала кетейік, World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 жүзуден Әлем кубогының кезеңі 15–17 қазан аралығында Қазақстан астанасында алғаш рет өтеді.
Бұл турнир бұған дейін Баку мен Ташкент қалаларында ұйымдастырылған Silk Road Tour сериясының қорытынды кезеңі болмақ.
