2026 жылғы 17–19 қазан аралығында Алматы қаласындағы KIA Tennis Park теннис орталығында Батыс және Орталық Азия жаттықтырушыларының өңірлік конференциясы өтті. Қазақстан тарихта алғаш рет осындай деңгейдегі білім беру іс-шарасын қабылдап, халықаралық теннис қауымдастығының мамандары мен сарапшыларының басын қосты.

Конференция кәсіби тәжірибе алмасуға және теннисшілерді даярлаудың заманауи тәсілдерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Үш күн бойы қатысушылар жаттығу үдерісін жетілдіру, спортшылардың техникалық және физикалық дағдыларын дамыту, сондай-ақ оқытудың озық әдістемелерін енгізу мәселелеріне арналған дәрістер мен практикалық сабақтарға қатысты.

Конференцияда World Tennis халықаралық сарапшылары мен спорттық дайындық саласының жетекші мамандары баяндама жасады. Олардың қатарында Алеш Филипчич (Словения), Филипп Борн (Германия), Риан Крюгер, Амир Боргеи, сондай-ақ бұған дейін Новак Джокович пен Янник Синнермен жұмыс істеген белгілі дене дайындығы жаттықтырушысы Марко Паники (Италия) болды.

Қазақстан атынан халықаралық федерацияның ресми лекторы және ұлттық жаттықтырушылар курстарының үйлестірушісі Ирина Чичмарова, сондай-ақ жұптық сында «Үлкен дулыға» турнирлерінің жеңімпазы Ярослава Шведова қатысты.

Алматыда өткен конференция жаттықтырушылар білімін дамыту және теннис саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан теннис федерациясының жаттықтырушыларды даярлау жүйесі World Tennis ұйымының халықаралық деңгейдегі ең жоғары мойындауы - Gold Recognition мәртебесіне ие болған еді. Бұл мәртебе ұлттық білім беру бағдарламасының халықаралық стандарттарға сәйкестігін және Федерацияның High Performance деңгейіне дейінгі мамандарды өз бетінше даярлау және сертификаттау құқығын растайды.