Қазақстандық теннисшілер Әмір Омарханов пен Бейбіт Жұқаев Алматыда өтіп жатқан ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінің жұптық сынындағы екінші айналым кездесуін өткізді. №1 кортта отандастарымыз турнирдің бірінші нөмірлі жұбы - аустралиялық емес, аустриялық Лукас Мидлер мен Нил Оберлайтнерге қарсы ойнады.
Тартысты өткен кездесу аустриялық теннисшілердің пайдасына 7:6 (8:6), 7:6 (7:4) есебімен аяқталды. Матч 1 сағат 28 минутқа созылды.
Қазақстандық жұп үшін бұл кездесу турнирдің үздік дуэттерінің біріне қарсы өз мүмкіндіктерін сынауға жол ашты. Қуатты доп беруімен және шабуылға негізделген ойын мәнерімен ерекшеленетін Бейбіт Жұқаев пен еліміздің болашағынан зор үміт күттіретін жас теннисшілерінің бірі Әмір Омарханов тәжірибелі қарсыластарына лайықты қарсылық көрсетті.
Матч барысында екі жұп та өз доп беруінде сенімді ойнады. Қазақстандықтар 11 эйс орындап, қарсыластарының барлық брейк-пойнттарын қайтарды. Бірінші сетте теннисшілер бір-бірінің доп беру геймінде жеңіске жете алмады. Нәтижесінде партия тағдыры тай-брейкте шешіліп, аустриялық жұп 8:6 есебімен басым түсті.
Екінші сетте де Омарханов пен Жұқаев қарсыластарымен тең дәрежеде күресті. Алайда шешуші сәттерде Мидлер мен Оберлайтнер тор маңында сәттірек ойнап, тай-брейкте жеңіске жетті.
Кездесуден кейін Әмір Омарханов өз алаңында өнер көрсетудің маңыздылығына тоқталып, жанкүйерлердің қолдауы үшін алғысын білдірді.
«Әрине, өз еліңде, жергілікті жанкүйерлердің алдында ойнау әрқашан ерекше қуаныш сыйлайды. Адамдардың матчқа келіп, сенің жеңіске жететініңе шын жүректен сенетінін көргенде, бойыңа қосымша күш-қуат бітеді. Мұндай қолдау ойын кезіндегі қиын сәттерден өтуге көмектеседі», — деді Омарханов.
Қазақстандық теннисші турнирдің бірінші нөмірлі жұбына қарсы кездесуде жеңіске жету үшін не жетіспегенін де түсіндірді.
«Бұл өте қиын матч болды. Ең алдымен, қарсыластарымыз допты ойынға керемет қосты. Сондықтан тай-брейктерден басқа сәттерде мүмкіндіктеріміз көп болған жоқ. Екі тай-брейкте де жеңіске жақын болдық, әсіресе біріншісінде. Әрине, жеңіске жеткенімізде өзімізге деген сенімділігіміз арта түсер еді. Өкінішке қарай, бұл жолы сәті түспеді. Дегенмен екеуміз де матчтан үлкен әсер алдық. Келесі жолы жеңіске жетеміз деп үміттенемін», — деді Әмір.
Жеңіліске қарамастан, Омарханов қазақстандық жұптың ойын деңгейіне оң баға беріп, осындай кездесулердің кәсіби тұрғыдан дамуға ықпал ететінін атап өтті.
«Осындай қарсыластармен ойнағанда, олардың әлемдегі ең мықты жұптық теннисшілердің қатарында екенін түсінесің. Ал олармен тең дәрежеде күресіп, жеңіске соншалықты жақын болғанда, өзіңнің де сол деңгейден алыс емес екеніңді сезінесің. Бұл өз күшіңе деген сенімділікті айтарлықтай арттырады», — деп түйіндеді қазақстандық теннисші.
Әмір Омарханов пен Бейбіт Жұқаевтың Almaty Open турниріндегі өнері қазақстандық теннисшілердің жұптық сындағы әлеуетін көрсетті. Жеңіліске қарамастан, отандастарымыз турнирдің бірінші нөмірлі жұбына лайықты қарсылық көрсетіп, екі партияда да жеңімпазды тек тай-брейкте анықтауға мәжбүр етті.
Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Direct to Mobile технологиясының арқасында Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады.
