20 қазанда Almaty Open ATP 250 турнирінің бірінші айналымында қазақстандық теннисшілердің қатысуымен матчтар өтті. Тимофей Скатов жекелей сында бақ сынаса, Александр Бублик пен Зангар Нұрланұлы жұптық сайысқа қатысты.
Жекелей сында ATP рейтингінде 201-орында тұрған Тимофей Скатов әлемнің 64-ракеткасы, мажарстандық Фабиан Марожанмен кездесті.
Бірінші сет тартысты өтті. Мажарстандық теннисші он брейк-пойнттың екеуін пайдаланып, партияны 7:5 есебімен өз пайдасына аяқтады. Екінші сетте Скатов қарсыласына лайықты қарсылық көрсетіп, ойынды тай-брейкке дейін жеткізді. Алайда шешуші сәтте Марожан басым түсті — 7:6 (7:4).
2 сағат 7 минутқа созылған кездесу мажарстандық спортшының 7:5, 7:6 (7:4) есебімен жеңісімен аяқталды.
Матч барысында Скатов бес эйс жасап, бес қос қателік жіберді және бір брейк-пойнтты жүзеге асырды. Сонымен қатар қазақстандық теннисші қарсыласының он брейк-пойнтының сегізін қайтарды.
Жұптық сында Александр Бублик пен Зангар Нұрланұлы өнер көрсетті. Ұйымдастырушылардан арнайы шақырту (wild card) алған қазақстандық жұп америкалық Даниэль Цукерман мен италиялық Федерико Ромболи дуэтіне қарсы ойнады. Қарсыластары негізгі жарысқа балама жұп ретінде қосылды.
Қазақстандық теннисшілер кездесуді сәтті бастап, алғашқы сетті 6:3 есебімен жеңіп алды. Екінші партияда қарсыластар есепті теңестіріп, тай-брейкте 7:6 (7:5) есебімен басым түсті.
Матч тағдыры шешуші чемпиондық тай-брейкте анықталды. Онда Цукерман мен Ромболи 10:6 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, 1 сағат 27 минутқа созылған кездесу америкалық-италиялық жұптың пайдасына 3:6, 7:6 (7:5), 10:6 есебімен аяқталды.
Ойын барысында Бублик пен Нұрланұлы төрт эйс жасап, екі қос қателік жіберді және екі брейк-пойнттың бірін пайдаланды. Сондай-ақ қазақстандық дуэт қарсыластарының бес брейк-пойнтының барлығын қайтарғанымен, шешуші тай-брейкте жеңіліп қалды.
Жұптық сындағы жеңіліске қарамастан, Александр Бублик пен Зангар Нұрланұлы Almaty Open ATP 250 турнирінде жекелей сындағы өнерін жалғастырады. Ал Тимофей Скатов жекелей сындағы жарыс жолын бірінші айналымда аяқтады.
Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Direct to Mobile технологиясының арқасында Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады.
