Семейлік «Елімай» командасының жартылай қорғаушысы Аслан Дарабаев Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында командасыз жүрген бос уақытын неге арнағанын және жасыл алаңға қайта оралуы жайлы айтты.
— «Елімай» сапына ауысуға кім ұсыныс білдірді?
— «Елімай» клубының спорт директоры хабарласты. Сөйлесіп, барлық шарттарды талқылап, бір шешімге келдік. Команда алдына үлкен мақсаттар қойған сәтте, оның бір бөлігі болу әрдайым қызық.
— Не себепті ұзақ уақыт командасыз жүрдіңіз? Командалармен қаражат жағынан келісе алмадыңыз ба?
— Мені екі-үш команда қызықтырды. Жеке себептер бойынша ол клубтардан қоңырау күттім. Басқа ұсыныстарды кейінге қалдырдым. Себебі, шынымды айтсам қызығушылық болмады.
— Команда қалай қарсы алды? Жасыл алаңға оралу қиынға соқпады ма?
— Клуб және ұжым керемет. Командадағы атмосфера тамаша. Барлығы бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста. Ұзақ уақыт ойын практикасы болмағандықтан, алаңға оралу қиын болады деп күттім. Қазір оптималды формадамын.

— Карпович қандай ойын стиліне басымдық береді?
— Біз үшін бірінші кезекте әр ойында жеңіске жетіп, 3 ұпай иелену. Бас бапкер әрдайым шабуылға бағытталған футболды қояды. Біздің ойын жүйемізден де байқауға болады.
— Алдыңызға Ұлттық құрамаға ораламын деген мақсат қойдыңыз ба?
— Мен үшін басымдық жоғары деңгейде, үлкен ойындарда ойнау, сол себепті Ұлттық құрамаға шақыру бірінші кезекте. Мен Ұлттық құрама сапында ойнауға әрқашан дайынмын.
Командасыз жүрген бос уақытыңызды неге арнадыңыз?
— Бос уақытымды отбасыммен өткіздім. Бейне роликтер түсірдім. Бірден айтайын, түсіріп, монтаж жасау оңай іс емес екен. Алайда, өте қызықты.
