Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Беларусь Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Виктор Лукашенконың кездесуі өтті, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесуге Қазақстан тарапынан Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаев қатысты. Беларусь делегациясының құрамында Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богданов пен Беларусь ҰОК Бас хатшысы Ксения Санкович болды.

Тараптар екі елдің Ұлттық Олимпиадалық комитеттері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылап, түрлі бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктерін қарастырды. Әсіресе бокс пен су спорты түрлеріне назар аударылды.

Беларусь делегациясының Қазақстанға сапары Астанада жүзуден өтіп жатқан Әлем кубогының қорытынды кезеңі аясында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің шақыруымен ұйымдастырылды. Айта кетейік, бұл халықаралық турнир Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.

Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытып, Қазақстан мен Беларусь арасындағы спорттық байланысты нығайтуға ниетті екенін растады.