«Барыс» хоккей клубының қорғаушысы Чейз Приски Sport+ сайтына берген сұхбатында Қазақстандағы өмірі, команданың киім ауыстыратын бөлмесінде тыңдалатын музыка және жас қорғаушы Дамир Бритиковпен өзара түсіністігі туралы айтып берді.

Сонымен қатар хоккейші «Сібірге» қарсы өткен матчқа қатысты пікір білдіріп, команданың алдағы уақытта қандай бағытта жұмыс істеуі керектігіне тоқталды.

— Нәтижеге қарамастан, «Барыстың» бүгінгі ойынынан қандай жағымды тұстарды атап өтер едің?

— Шынымды айтсам, өз ойынымызға көңіліміз толмайды. Менің ойымша, бүгін бізге табандылық жетіспеді. Бар күшімізді салып ойнаған кезде өте мықты командамыз. Ал тиісті деңгейде күш жұмсамасақ, қарапайым командалардың біріне айналамыз. Егер табысқа жеткізіміз келсе, маусым бойы қарсыластарымыздан көбірек еңбек етуіміз қажет екенін түсінуіміз керек.

— Қазақстан туралы алғашқы әсерің есіңде ме? Содан бері көзқарасың өзгерді ме? Біздің мәдениетіміз туралы не білдің және қазақ тілінде қандай да бір сөздер үйрендің бе?

— Бұрын сырт алаңдағы матчтарға Астанаға келгенді ұнататынмын. Бұл — әдемі, жайлы әрі заманауи қала. Сондықтан биыл жазда осында қоныс аудару мүмкіндігі пайда болғанда, шешім қабылдау әлдеқайда оңай болды. Маған Астана шынымен ұнайды. Әзірге қазақ тілін онша білмеймін, бірақ орыс тілін біртіндеп үйренуге тырысып жүрмін.

— Ансар Шайхмедденов маған команданың киім ауыстыратын бөлмесіндегі музыкаға сен жауапты екеніңді және көбіне ағылшын тіліндегі әндерді қосатыныңды айтты. Команданың диджейі болған ұнай ма?

— Иә! Мен командадағы диджейдің бәріне бірдей ұнайтын музыка таңдай алмайтынын ертерек түсіндім деп ойлаймын. Сондықтан қолымнан келгенше тырысамын. Таңертең америкалық кантри музыкасын қосып, қазақстандық жігіттерді осы жанрға үйретуге тырысамын. Байқауымша, кейбіріне ұнай бастаған сияқты, ал басқаларына онша ұнамауы мүмкін. Жалпы, біз ағылшын тіліндегі музыканы көп тыңдаймыз. Атап айтқанда, хаус, EDM және рэп жанрларындағы әндерді қосамыз. Менің ойымша, бұл музыка жігіттердің көбіне ұнайды.

— Сенің ойын нөмірің — 4. Бұл санның сен үшін ерекше мағынасы бар ма?

— Төртінші нөмірді алғаш рет жоғары сыныпта оқып жүргенімде, үйден жыраққа кеткен кезде таңдадым. Колледжге түскенге дейін төрт жыл бойы осы нөмірмен ойнадым. Содан бері біраз уақыт өтті. Сондықтан бұрынғы нөміріме қайта оралғым келді.

— Сен жас қорғаушы Дамир Бритиковпен бір жұпта ойнайсың. Менің ойымша, ол өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Әріптесің ретінде ол туралы не айта аласың?

— Ол өз міндетін өте жақсы атқарып жүр. Дамир әр матч сайын шеберлігін арттырып, мұз айдынында өзін барған сайын сенімді сезінуде. Ол үнемі сұрақ қойып, үйренуге және дамуға ұмтылады. Менің ойымша, оның осындай қарқынмен алға басуына дәл осы қасиеттері әсер етіп жатыр.

Оның алғашқы ойынын қазіргі өнерімен салыстырсақ, шайбамен әрекет етуі мен шешім қабылдауында сенімділігі айтарлықтай артқанын байқауға болады. Қорғаныста да бар күшін салып ойнайды. Онымен бір жұпта ойнау маған оңай, ал мен өз кезегімде оның ойынын жеңілдетуге тырысамын. Менің ойымша, бірге неғұрлым көп матч өткізсек, бір-біріміздің ойын мәнеріміз бен әдеттерімізді соғұрлым жақсы түсініп, мұз айдынындағы өзара әрекетімізді жетілдіре түсеміз.