ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінің бірінші ракеткасы ретінде тіркелген Даниил Медведев жапониялық Шо Шимабукуроны сенімді түрде жеңіп, жарыстың ширек финалына жолдама алды. Әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған теннисші қарсыласын 6:2, 6:1 есебімен ұтты.

Almaty Arena кешенінде өткен кездесу небәрі 52 минутқа созылды. Алғашқы геймдерден бастап Медведев басымдықты өз қолына алып, артқы сызықтан тұрақты ойын көрсетті. Ресейлік теннисші қарсыласының доп беру мүмкіндігін бірнеше рет пайдаланып, бірінші партияны 6:2 есебімен аяқтады.

Матч барысында Медведев жеті эйс орындап, бірінші доп берудегі ұпайлардың 81 пайызын жеңіп алды. Сонымен қатар ол қарсыласына өз доп беруінде айтарлықтай мүмкіндік берген жоқ.

Кездесуден кейін Медведев есепте айқын басымдыққа ие болған кезде ойын тактикасын өзгертетін-өзгертпейтіні туралы сұраққа жауап берді.

«Мақсат — эйс орындау. Есептің 0:4 немесе 4:0 болуы маңызды емес. Мүмкін, есепте үлкен басымдық болған кезде 4:4 есебімен салыстырғанда сәл шабуылдаушы ойын көрсететін шығармын. Бірақ жалпы алғанда ештеңе өзгермейді», — деді Медведев.
Екінші сетте ресейлік теннисшінің басымдығы одан әрі арта түсті. Шимабукуро өз доп беруінде қиындықтарға тап болып, кездесу барысында төрт қос қате жіберді. Медведев қарсыласының қателіктерін тиімді пайдаланып, қатарынан алты геймде жеңіске жетті. Нәтижесінде екінші партия 6:1 есебімен аяқталды.

Матч қорытындысы бойынша Медведев 56 ұпай жинаса, қарсыласы 29 ұпай еншіледі. Ресейлік спортшы бүкіл кездесу барысында жапониялық теннисшіге небәрі үш гейм берді.

Ойыннан кейін Медведев бұл жеңістің келесі кездесулер алдындағы сенімділігіне оң әсер ететінін атап өтті.

«Ең алдымен, бұл маған сенімділік береді. Бір турнирден екіншісіне ауысу ешқашан оңай емес. Әсіресе ашық корттан жабық кортқа өткенде жағдай өзгереді. Мұнда теңіз деңгейінен биіктік те аздап әсер етеді. Сондықтан жоғары деңгейде ойын көрсете алғаныма қуаныштымын. Келесі матчқа осы сенімділікпен шығамын», — деді теннисші.
Сондай-ақ Медведев Азиядағы турнирлерде АҚШ-тағы жарыстармен салыстырғанда неліктен өзін жайлы сезінетінін түсіндірді.

«Егер АҚШ-тағы және Азиядағы турнирлер сериясын салыстырсақ, мұндағы доптар менің ойын мәнеріме көбірек сәйкес келеді. Бұл бір турнирде ерте жеңіліп, екіншісінде жақсы ойнауыма себеп бола ала ма? Жоқ. Өйткені менің міндетім — кез келген жағдайда жоғары деңгейде өнер көрсету. Дегенмен қазіргі нәтижелерімнің жақсаруына әсер еткен басты фактор осы деп ойлаймын», — деді ол.
Осылайша, Даниил Медведев Almaty Open турнирінің екінші айналымынан сенімді өтіп, ширек финалға шықты. Ресейлік теннисші Алматыдағы жарыстың бас жүлдесі үшін күресін жалғастырады.

Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Direct to Mobile технологиясының арқасында Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады.