Мысыр астанасы Каирде 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы теннистен командалық әлем чемпионаты – Junior Davis Cup Finals турнирінің финалдық кезеңі жалғасуда. Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры Дэйв Майли жарыстың маңызы, ұлттық құраманың мүмкіндіктері және қазақстандық жас теннисшілердің халықаралық аренадағы жетістіктері туралы пікір білдірді.
Турнирдің финалдық кезеңіне әлемнің ең үздік 16 құрамасы қатысуда. Қазақстан Франция, АҚШ және Үндістан командаларымен бір топта өнер көрсетуде. Ұлттық құрама сапына Родион Трайгель, Ансар Ниетқалиев және Ахмади Маханов енді. Команда капитаны – Сергей Квак.
Дэйв Майлидің айтуынша, жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогы болашақ әлемдік теннис жұлдыздарының қалыптасуында маңызды рөл атқарады.
«Жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогы – жас теннисшілер үшін ең маңызды жарыстардың бірі. Әр жылдары бұл турнирде Новак Джокович, Энди Маррей және Карлос Алькарас секілді кейіннен әлемдік теннистің жұлдыздарына айналған спортшылар өнер көрсеткен. Бүгінде біздің теннисшілер өз жас санатындағы ең мықты ойыншылармен бәсекеге түсу мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл – баға жетпес тәжірибе әрі олардың кәсіби дамуы жолындағы маңызды кезең», – деді Дэйв Майли.
Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры 2024 жылы Аустралияда өткен турнирде ұлттық құраманың қол жеткізген тарихи нәтижесін де атап өтті.
«Екі жыл бұрын Зангар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай және Даниэль Тазабековтен құралған командамыз әлем бойынша бесінші орынға ие болды. Бұл Қазақстан үшін аса жоғары жетістік еді. Бүгінде Родион Трайгель, Ансар Ниетқалиев және Ахмади Маханов осы дәстүрді жалғастырып, жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп келеді. Жас теннисшілеріміздің әлемнің үздік спортшыларымен тең дәрежеде бәсекеге түсуі Қазақстан теннисінің болашағы зор екенін көрсетеді», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ Дэйв Майли ұлттық құраманың қазіргі құрамына сенім білдірді.
«Біздің командамыз мықты, ал Сергей Квак бастаған жаттықтырушылар штабы тәжірибелі. Тобымыздағы қарсыластар өте күшті болғанымен, біз спортшыларымызға сенеміз және жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенеміз. Мұндай жарыстар ойыншылардың шеберлігін арттырып қана қоймай, Қазақстан теннисінің болашақ жетістіктеріне берік негіз қалайды», – деп түйіндеді ФТК атқарушы директоры.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі алғашқы кездесуін Францияға қарсы өткізді. Бүгін, 3 қарашада, ұлттық құрама АҚШ командасымен кездесуде. Ал топтық кезеңнің соңғы матчында қазақстандық теннисшілер Үндістан құрамасына қарсы ойнайды.
Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады.
