World Tennis президенті Дэвид Хаггерти Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа алғыс хат жолдап, 10–13 қазан аралығында Алматыда өткен World Tennis AGM 2026 конференциясы мен жыл сайынғы Бас ассамблеяның ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.
Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды халықаралық іс-шараға әлемнің 128 елінен 300-ден астам делегат қатысты. Форум аясында қатысушылар әлемдік теннисті дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және ұйымның алдағы қызметіне қатысты негізгі мәселелерді талқылады.
Өз хатында Дэвид Хаггерти іс-шараға дайындықтың жоғары деңгейін, ұйымдастырушылардың кәсібилігін және қазақстандық тараптың ерекше қонақжайлығын атап өтті.
«World Tennis атынан Сізге және Қазақстан теннис федерациясына 2026 жылы Алматыда өткен конференция мен World Tennis Бас ассамблеясының жыл сайынғы отырысын жоғары деңгейде ұйымдастырғандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. 128 елдің өкілдері мен 300-ден астам делегат әрбір ұсақ-түйекке дейін мән берілгенін және олардың сапарының мінсіз ұйымдастырылғанын жоғары бағалады. Әуежайдағы жылы қарсы алудан бастап Көктөбедегі салтанатты кешкі асқа дейін бүкіл сапарымыз бойы біз ерекше қамқорлық пен ілтипатты сезіндік», — делінген хатта.
World Tennis президенті сондай-ақ Бас ассамблеяға дайындық жұмыстарының Almaty Open ATP 250 халықаралық турниріне дайындықпен қатар жүргізілгенін атап өтіп, атқарылған ұйымдастырушылық жұмыстың ауқымына ерекше тоқталды.
«Конференция мен Бас ассамблеяны өткізу жұмыстарының Almaty Open турниріне дайындықпен қатар жүргізілуі қаншалықты үлкен күш-жігерді талап еткенін жақсы түсінеміз. Осы жұмысқа атсалысқан әрбір адам екі іс-шараны ұйымдастыру барысында көрсеткен кәсібилігі мен жауапкершілігі үшін ең жоғары мақтауға лайық», — деп атап өтті ол.
Хатының соңында Дэвид Хаггерти қазақстандық тарапқа 17–25 қазан аралығында Almaty Arena аренасында өтіп жатқан Almaty Open ATP 250 турнирін табысты өткізуді тіледі.
World Tennis Бас ассамблеясының Алматыда өткізілуі қазақстандық теннис үшін маңызды оқиға болды.
Орталық Азия тарихында алғаш рет халықаралық теннис қауымдастығының осындай ауқымды әрі жоғары деңгейдегі форумы ұйымдастырылды. World Tennis басшылығының жоғары бағасы Қазақстанның ірі халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру мүмкіндіктерін және еліміздің әлемдік теннис аренасындағы беделінің артып келе жатқанын айқындай түсті.
