12–17 қазан аралығында Шымкентте 12 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында ATF 12U Intercontinental Team Competition халықаралық командалық турнирі өтті. Жарыс Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен Азия теннис федерациясының (ATF) ұйымдастыруымен өткізілді.

Турнирге әр санат бойынша 12 команда қатысты. Олардың қатарында Азия, Еуропа, Океания, Орталық және Оңтүстік Америка, сондай-ақ Африка елдері мен аймақтық теннис ұйымдарының өкілдері болды. Қатысушылар жекелей және жұптық кездесулерден тұратын командалық форматта бақ сынады.

Ұлдар арасындағы жарыста Оңтүстік Корея құрамасы чемпион атанды. Финалда кореялық теннисшілер Қытай командасын 2:0 есебімен жеңді. Үшінші орынды Орталық Америка мен Кариб аймағының COTECC құрамасы иеленді. Олар қола жүлде үшін өткен кездесуде Үндістанды 2:1 есебімен ұтты.

Қыздар арасындағы жарыста Tennis Europe құрамасы жеңімпаз атанды. Шешуші кездесуде еуропалық теннисшілер Австралия командасын 2:0 есебімен жеңді. Ал үшінші орын үшін өткен матчта Қытай құрамасы Африка теннис конфедерациясының (CAT) командасынан 2:0 есебімен басым түсті.

Қазақстан жарысқа ұлдар және қыздар құрамаларымен қатысты. Ұлдар арасындағы бәсекеде ұлттық құрама қорытынды алтыншы орынға тұрақтады. Топтық кезеңде қазақстандықтар Австралияны 2:1 есебімен жеңгенімен, COTECC командасына 0:3 есебімен жол берді.

5–8-орындар үшін өткен кездесулерде қазақстандық теннисшілер Жаңа Зеландия құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Ал бесінші орын үшін шешуші матчта Tennis Europe командасынан 0:2 есебімен жеңілді.

Қазақстан құрамасының сапында Алан Ким, Альтаир Жуасов және Илья Щукин өнер көрсетті.

Қыздар арасындағы жарыста Қазақстан құрамасы тоғызыншы орынға ие болды. Топтық кезеңде қазақстандық теннисшілер Оңтүстік Кореяға 0:3 және Tennis Europe командасына 1:2 есебімен есе жіберді.

9–12-орындар үшін өткен жіктеу матчтарында Қазақстан құрамасы Тынық мұхиты Океаниясы командасын 3:0 есебімен сенімді жеңді. Ал тоғызыншы орын үшін өткен соңғы кездесуде Үндістан құрамасынан 2:1 есебімен басым түсті.

Шымкентте өткен ATF 12U Intercontinental Team Competition турнирі әлемнің түрлі аймақтарынан келген жас теннисшілерге халықаралық жарыс тәжірибесін жинауға, әртүрлі теннис мектептерінің өкілдерімен кездесуге және командалық бәсекеде өз мүмкіндіктерін сынауға жағдай жасады.

Қазақстандық жас спортшылар үшін бұл турнир өз алаңында шетелдік қарсыластармен бірнеше кездесу өткізіп, алдағы халықаралық жарыстарға дайындықты жалғастыруға мүмкіндік берді.

Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында  пайдалана алады.