17 қазанда Алматыда Almaty Open ATP 250 халықаралық теннис турнирінің негізгі кезеңіне жеребе тарту рәсімі өтті. Оның нәтижесінде жекелей және жұптық сындағы алғашқы айналым матчтарының қарсыластары анықталды.
Турнирдің бірінші нөмірлі спортшысы ATP әлемдік рейтингінде алтыншы орында тұрған ресейлік Даниил Медведев атанды. Екінші нөмір италиялық Лучано Дардериге бұйырса, үшінші нөмірмен әлемдік рейтингте 22-орында тұрған Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Александр Бублик тіркелді. Сондай-ақ үздік сегіздікке Андрей Рублев, Карен Хачанов, Томас Мартин Этчеверри, Стефанос Циципас және Тьяго Агустин Тиранте енді.
Александр Бублик турнирдегі өнерін екінші айналымнан бастайды. Себебі ол үздік төрт нөмірлі теннисшінің бірі ретінде бірінші айналымнан босатылды. Оның қарсыласы венгриялық Фабиан Марожан мен қазақстандық Тимофей Скатов арасындағы кездесуде анықталады.
Скатов турнир ұйымдастырушыларынан арнайы шақырту (wild card) алды. Қазақстанның тағы бір өкілі Жангар Нұрланұлы да арнайы шақырту арқылы негізгі кезеңде өнер көрсетеді. Бірінші айналымда ол чехиялық Томаш Махачпен кездеседі.
Қазақстандық тәжірибелі теннисші Михаил Кукушкин де негізгі кезеңге арнайы шақырту алды. Оның алғашқы қарсыласы іріктеу кезеңінің жеңімпаздарының бірі болады.
Даниил Медведев, Андрей Рублев және Лучано Дардери де жарысты екінші айналымнан бастайды. Бірінші айналымдағы қызықты кездесулер қатарында Стефанос Циципас пен америкалық Александр Ковачевичтің, хорватиялық Марин Чилич пен іріктеу кезеңінен өткен теннисшінің, сондай-ақ франциялық Адриан Маннарино мен австралиялық Александр Вукичтің матчтарын атап өтуге болады.
Жұптық сында да Қазақстан атынан бірнеше теннисші өнер көрсетеді. Әмір Омарханов пен Бейбіт Жұқаев арнайы шақырту алып, бірінші айналымда бірінші нөмірмен тіркелген австриялық Лукас Мидлер мен Нил Оберлайтнер жұбына қарсы ойнайды.
Қазақстандық тағы бір жұпты Александр Бублик пен Жангар Нұрланұлы құрайды. Олар да арнайы шақыртуға ие болды. Алғашқы айналымда олардың қарсыластары австралиялық Ринки Хидзиката мен Адам Уолтон болады.
Almaty Open ATP 250 турнирінің негізгі кезең матчтары 19–25 қазан аралығында Almaty Arena спорт кешенінде өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 1 075 160 АҚШ долларын құрайды. Жекелей сынның жеңімпазы ATP рейтингінде 250 ұпайға ие болады.
Almaty Open – Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі ATP 250 санатындағы жалғыз турнир. Жарыс жыл сайын әлемнің жетекші теннисшілерінің басын қосады.
Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Direct to Mobile технологиясының арқасында Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады.
Alatau City Bank.
Жеңістерге бірге!
Zijin RG Gold Қазақстанның алтын өндіру компаниясы
Қоғам игілігі үшін пайдалы қазбаларды өндіру
