17 қазанда Almaty Arena спорт кешенінде Almaty Open ATP 250 халықаралық теннис турнирінің ресми медиа-күні өтті. Іс-шараға қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Медиа-күн 17–25 қазан аралығында өтетін жарыстың басталуына дайындық аясында ұйымдастырылды.
Медиа-күн бағдарламасы аккредиттелген журналистерге арналған ұйымдастырушылық брифингтен басталды. Турнирдің медиа-командасы қатысушыларды жарысты ақпараттық тұрғыдан жариялаудың негізгі ережелерімен, баспасөз орталығының жұмыс тәртібімен, ойыншылардан сұхбат алу рәсімімен және турнир аптасында спортшылармен өзара байланыс орнату ерекшеліктерімен таныстырды.
Фотографтарға арналған жеке нұсқаулықты спорт фотографы Андрей Ударцев өткізді. Ол теннис жарыстарында жұмыс істеудің ерекшеліктері, матчтарды суретке түсіру ережелері, фотографтарға арналған арнайы орындарға кіру тәртібі және корттарда жұмыс істеу талаптары туралы айтып берді.
Медиа-күннің басты оқиғасы ATP әлемдік турының жетекші ойыншыларының бірі, ресейлік теннисші Андрей Рублевтің баспасөз мәслихаты болды. Спортшы Алматыға келгеннен кейінгі алғашқы әсерімен бөлісіп, турнирдің атмосферасы мен алдағы матчтарға дайындығы туралы әңгімеледі.
«Алматыдағы турнир мен үшін ерекше болмақ. Мұнда өзгеше атмосфера бар, бұл жер көңіліме жақын. Қазақстанда бұрын болғаныммен, Алматыға алғаш рет келіп отырмын. Маған мұнда өте ұнайды. Өзімді жайлы сезінемін: ана тілімде сөйлесе аламын, сондықтан бәрі оңай әрі үйреншікті. Өкінішке қарай, әзірге қаланы көп аралап үлгермедім. Күн сайын жаттығулар өтеді, оның үстіне серуендеуге уақыт та көп болмады», – деді Андрей Рублев.
Журналистермен кездесу барысында теннисші Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликтің ойыны туралы да пікір білдіріп, оның ерекше ойын мәнері мен техникалық шеберлігін атап өтті.
«Бублик допты өте жақсы сезінеді. Оның өзіндік ойын мәнері бар: ол қысқа және кесілген соққыларды шебер қолданады. Бұл – оның басты ерекшелігі әрі ойынын өзгелерден даралап тұратын қасиеті», – деп атап өтті Рублев.
Медиа-күн БАҚ өкілдеріне турнирдің ұйымдастырылу ерекшеліктерімен танысуға, алдағы жұмысына қажетті ақпарат алуға және жарыстың басты қатысушыларының бірімен тікелей тілдесуге мүмкіндік берді.
Almaty Open ATP 250 турнирі 17–25 қазан аралығында Almaty Arena спорт кешенінде өтеді. Бұл - Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі ATP 250 санатындағы жалғыз жарыс. Биыл Алматыда әлемнің жетекші теннисшілері өнер көрсетеді. Ал жанкүйерлерді тартысты матчтармен қатар ауқымды ойын-сауық бағдарламасы күтеді.
Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Direct to Mobile технологиясының арқасында Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады.
Alatau City Bank.
Жеңістерге бірге!
Әр сағат сайын A’SU ішіңіз
