Бүгін футболдан Лига кубогы турнирінің екінші туры өтеді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Биыл алғаш рет жалауын көтерген турнирде 16 команда 4 топта сынға түсіп, әрқайсысы 3 ойыннан өткізіп жатыр.

6 шілдеде С тобында «Ордабасы» (Шымкент) мен «Елімай» (Семей) кездесуі өтті. 

Ойынның 54-минутында семейлік клубтан Еркебұлан Нұрғалиев есеп ашса, оған «Ордабасы» ойыншысы Сағадат Тұрсынбай 72-минутта бір голмен жауап қайырды.

Ал Жан Али Пайруздың 79-минуттағы голынан кейін қайтадан «Елімай» алға шықса, Сағадат Тұрсынбай 88-минутта қайтадан таразы басын теңестірді.

Осылайша командалар 2:2 есебіне қанағат білдірді.

7 шілдеде А тобында «Ақжайық» пен «Тараз», «Қызылжар» (Петропавл) мен «Қайрат» (Алматы) кездеседі.

D тобында «Шахтер» (Қарағанды) мен «Жетісу» (Талдықорған), «Астана» мен «Каспий» (Ақтау) сынға түседі.