«Топтың деңгейі бірдей. Бірінші себеттен Люксембург фаворит саналатыны анық. Әрі мықты қарсылас болары сөзсіз. Дегенмен біздің ең басты мақсатымыз — екінші кезеңге шығу. Сондай-ақ бұл топта бізге таныс Армения құрамасы мен күтпеген нәтиже тіркей алатын Лихтенштейн бар. Сондықтан әрбір ойын өте маңызды. Қазірден бастап қарсыластарымызды терең зерттейміз. Биыл Люксембургтің Ұлттар лигасында Швеция және Эстониямен бірге бір топта ойнаған матчтарын тамашаладық. Люксембург Эстониямен екі рет тең ойнады. Эстонияның мықты команда екенін ескерсек, тең нәтиже Люксембургтың деңгейі жоғары екенін көруге болады. Былтыр Ұлттар Лигасының іріктеу кезеңінде Люксембург топты үшінші орынмен аяқтады. Литва мен Грузиядан жеңілді. Үш команда да бес ұпайдан жинағанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша Люксембург үшінші орынға тұрақтады».
Сонымен қатар, бас бапкер команданың дайындығы жайында да сөз қозғады:
«Жазда ұлттық құраманың ойындары аяқталды. Содан кейін біз тек ақпан айында алаңға ораламыз. 19-26 ақпан аралығында екі жолдастық ойын өткізу жоспарланған. Чемпионат болса қазан айында аяқталды. Сондықтан бізде шамамен бес айлық үзіліс болады. Осы уақыт аралығында ойыншылардың физикалық дайындығы мен ойын үйлесімін қалпына келтіруіміз қажет. Олармен тек физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да жұмыс істеп, матчтарға ең жоғары дайындықпен шығу керек. Үзіліс кезінде матчтар болмағандықтан ойын қарқыны төмендеуі мүмкін екенін түсінеміз. Сол себепті жаттығуда кемшіліктің орнын жауып, алғашқы ресми матчта тыңғылықты түрде дайындалу үшін бар күшімізді саламыз».
Жеребе нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы «С» Лигасының 3-тобына Люксембург, Армения және Лихтенштейн құрамаларымен түсті.
