Спорттық гимнастикадан Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшыларының бірі Милад Карими Әзірбайжанның Баку қаласында өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінде екі дүркін жүлдегер атанды, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Отандасымыз кермедегі жаттығуда екінші күміс жүлдесін жеңіп алды.

Финалда Карими төрешілердің шешімімен 15.033 ұпай жинап, екінші орынға ие болды.
Тан Цзя-Хун (Тайбэй) 15.366 ұпаймен бірінші орынды иеленді. Үздік үштікті Анхель Барахас (Колумбия) түйіндеді — 14.400 ұпай.

Ал Диас Тойшыбек 13.900 ұпай жинап, төртінші орынға тұрақтады.

Айта кетейік, бұған дейін Карими еркін жаттығулар бағдарламасында күміс жүлдеге ие болған еді.

Сондай-ақ бүгін, 8 наурызда ат снарядындағы жаттығулар бойынша ақтық бәсеке өтті. Бұл жаттығуда Нариман Курбанов бесінші орын алса, Зейнолла Ыдырысов жетінші нәтиже көрсетті.