10–17 шілде аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында ерлер арасында отырып ойнайтын волейболдан әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға әлемнің 16 ұлттық құрамасы қатысты, деп хабарлайды Sport+.
Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы С тобында Бразилия, Хорватия және Ирак командаларымен сынға түсті. Нәтижесінде қазақстандық спортшылар өз тобында екінші орын алып, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
1/8 финалда ұлттық құрама Польша командасын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңсе, ширек финалда дәл осындай есеппен Руанда құрамасынан басым түсті.
Жартылай финалда қазақстандық волейболшылар әлемнің қазіргі чемпионы Иран құрамасына 0:3 есебімен есе жіберді.
Үшінші орын үшін өткен тартысты кездесуде Қазақстан құрамасы Бразилияны 3:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды.
Бұл — Қазақстан құрамасының отырып ойнайтын волейболдан әлем чемпионаттарындағы алғашқы жүлдесі. Тарихи қола медаль отандық параспорттың маңызды жетістіктерінің біріне айналды.
