Аичи және Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медаль түсті, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Пара нысана көздеуден Еркін Ғаббасов жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Отандасымыз 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден (R1) үздік нәтиже көрсетті. Финалда Еркін Ғаббасов 249,1 ұпай жинады.

Күміс медальді Оңтүстік Корея өкілі Пак Джинхо (248 ұпай) иеленсе, қола жүлде тағы бір кореялық спортшы Ли Джанхоға (226 ұпай) бұйырды.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасы пара пауэрлифтингтен күміс медаль жеңіп алды. 41 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Тұрсынай Қабыл жүлдегер атанды.

Қазақстандық спортшы үш мүмкіндігінің үшеуін де сәтті пайдаланды. Соңғы мүмкіндігінде 104 келіні бағындырды.

Алтын медальді Қытай өкілі Цуй Чжэ (120 келі) жеңіп алса, Индонезия спортшысы Ни Ненгах Видиасих (97 келі) қола жүлдеге ие болды.