2025 жылғы 14 маусымда Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен отырып ойнайтын волейболдан Азия чемпионатының финалында Қазақстанның ерлер құрамасы Қытай командасын 3:2 (22:25, 19:25, 25:19, 25:20, 8:5) есебімен жеңіп, тарихында алғаш рет Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды Sport+.

Турнир барысында Қазақстан құрамасы топтық кезеңнен сенімді өтті — Сауд Арабиясы, Жапония және Австралия командаларын 3:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда да Тайланд құрамасынан 3:0 есебімен басым түсті.

Чемпионат қорытындысы бойынша:

1-орын — Қазақстан
2-орын — Қытай
3-орын — Тайланд

Сонымен қатар, қазақстандық бірнеше ойыншы жеке марапаттарға ие болды:

Үздік подаушы — Ерик Каскабаев
Үздік либеро — Шыңғыс Медеуов
Үздік блок жасаушы — Алмат Оспанов

«Финал өте тартысты өтті. Алғашқы екі партияда бастаманы Қытай иеленді. Алайда біздің спортшылар намыс пен жеңіске деген жігер танытып, ойынның тағдырын өзгертіп, матчты өз пайдасына аяқтады. Бұл — отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан құрамасының Азия чемпионатындағы алғашқы алтын медалі. Бізге сенім білдіріп, қолдау көрсеткен серіктестерімізге — Citi, Sport Qory, „Самұрық-Қазына“ АҚ-ға алғысымызды білдіреміз», — деді құраманың бас бапкері Бауыржан Тахауов.

Отырып ойнайтын волейболдан Азия чемпионаты 6–15 маусым аралығында Ханчжоу қаласында өтті. Турнирге 8 ерлер және 7 әйелдер ұлттық құрамасы қатысты. Жарыс нәтижесі бойынша Қазақстан мен Қытай құрамалары 2026 жылы Қытайда өтетін әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды.