Алматыдағы ADD PADEL ALMATY корттарында 23–25 қазан аралығында өткен FIP Promises Almaty II халықаралық жасөспірімдер турнирі аяқталды, деп хабарлайды Sport+.
Қазақстандық спортшылар үш санатта топ жарды.
Атап айтқанда, ұлдар арасында U16, ал қыздар арасында U16 және U18 жас санаттарында жеңіске жетті.
Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин 16 жасқа дейінгі ұлдар арасындағы жарыста тағы да чемпион атанды. Қазақстандық жұп финалда Катар өкілдері Ахмед Хассан Абдулла мен Әли Абдулрахман Әл-Маликті 6:4, 6:4 есебімен жеңді.
Сонымен қатар Тұрсынхан мен Дүйсенғазин 18 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жарыстың да финалына шықты. Шешуші кездесуде олар америкалық Даниил Войт пен Андрес Элиас Матос жұбына қарсы ойнады. Матч АҚШ өкілдерінің пайдасына 6:3, 6:2 есебімен аяқталып, қазақстандық спортшылар күміс жүлдегер атанды.
Ал қазақстандық София Пак ресейлік Елизавета Брякинамен жұптасып, бірден екі чемпиондық атақты жеңіп алды. Олар қыздар арасындағы U16 және U18 жас санаттарында топ жарды.
Екі санаттың да финалында Пак пен Брякина қазақстандық Айлин Амантай мен Әдия Бектемісованы бірдей 6:2, 6:0 есебімен жеңді.
Осылайша, Айлин Амантай мен Әдия Бектемісова турнирді екі күміс медальмен аяқтады.
