«Қайрат» клубының бұрынғы қорғаушысы Раде Дугалич Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында «Қайрат» сапынан кету себептері және Чемпиондық маусым жайлы айтты.
— Раде, сұхбаттарыңыздың бірінде «Қайратқа» өкпеңіз бар екенін айтқан болатынсыз. Осы тақырыпты ашып айтып кетсеңіз?
— «Қайрат» сол кезеңде командада ұзақ уақыт өнер көрсеткен легионер ойыншылармен келісімшарттарды бұза бастады. Клубта мәселелер басталған соң, тура мағынада айтқанда, бізден құтылғылары келді. Менің ойымша, клуб тарапынан бұл әрекеттері дұрыс болмады.
— «Қайрат» клубының 2020 жылы чемпион атануына чемпионаттың бір локацияда, нақтырақ айтқанда Алматыда өтуі көмеген тигізді деп айта аласыз ба?
— Басты факторлардың бірі — біз басқа клубтардан мықты болдық. Сол себепті араға 16 жыл салып команданы чемпиондыққа жеткіздік.
— Алматылық клубтан кеткеннен кейін өзге қазақстандық клубтардан ұсыныстар болды ма?
— «Астана» және «Ордабасы» клубтарынан ұсыныс түсті. Алайда, мен Қазақстанда тек «Қайрат» сапында ғана ойнаймын деп бірнеше рет айтқан болатынмын.
— Сіз 3 жыл Қазақстанда өнер көрсеттіңіз. Чемпионат пен инфрақұрылымның деңгейі жайлы пікіріңіз қандай?
— Мен бірінші кезекте Алматы қаласын және «Қайрат» командасын жақсы көремін. Маған қаламен, команда ұнайтын. Біз өнер көрсеткен кезде чемпионат деңгейі жақсы еді. 3-4 команда бізбен чемпиондық атаққа таласатын. Инфрақұрылымға келетін болсақ, деңгей төмен. Тек Алматыда жақсы стадион бар. Қазақстан инфрақұрылымды жаңарту керек екенін біледі. Жақын арада жақсы стадиондар салынады деген сенімдемін.
— Қазақстандық футболшылардан кім есіңізде қалды?
— Қазақстанда жақсы ойыншылар көп. Әсіресе «Қайрат» чемпион болған жылы құрамда жақсы футболшылар өнер көрсетті. Сол кезде барлығы ұлттық құрама сапында ойнайтын еді.
