«Барыс» тоғыз матчтан тұратын сырт алаңдағы ойындар сериясының кезекті кездесуін Минск қаласында өткізді, деп хабарлайды Sport+.

Астаналық команданың жаттықтырушылар штабы шабуыл шептерінің әрқайсысына өзгерістер енгізді. Сондай-ақ Кирилл Ляпунов, Асанәлі Сәркенов және Бейбарыс Оразов негізгі құрамға қайта оралды.

Алғашқы екі кезеңде алаң иелері аздаған басымдыққа ие болды. Ал «Барыс» қауіпті сәттерді негізінен қарымта шабуылдар арқылы ұйымдастырды.

Кездесудегі есепті қонақтар ашты. Қақпаға соққы жасауға ыңғайлы мүмкіндікке ие болған Семён Симонов қарсылас қақпасын дәл көздеп, командасын алға шығарды. Нәтижесінде жас шабуылшының осы шайбасы матч тағдырын шешті.

Ойынның соңғы минуттарында минскілік «Динамо» есепті теңестіру үшін шабуылдарын үдетті. Алайда қатарға қайта қосылған қақпашы Андрей Шутов бастаған астаналықтар қарсыласқа гол соғуға мүмкіндік бермеді.

Шутов қақпаға бағытталған 28 соққыға тосқауыл қойып, биылғы маусымда үшінші рет өз қақпасына шайба жібермеді.

30 қазанда Михаил Кравец шәкірттері Санкт-Петербургте «Дракондарға» қарсы ойнайды.