«Елімай» құрамындағы Бірінші лига чемпионы, қазақ футболындағы алғашқы жапондық футболшы Такуя Мацунага Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында АФК Чемпиондар лигасының финалы жайлы ойларымен бөлісті, сондай-ақ Жапония құрамасының 23 жасқа дейінге Азия Кубогындағы жеңісін пікірледі.

— Таки, 11 мамыр күні АФК Чемпиондар лигасының екі финалдық ойынының алғашқы кездесуі өтеді, онда эмираттық «Аль-Айн» мен жапондық «Иокогама Маринес» командалары трофей үшін таласады. Жалпы турнирді бақылап жүрсіз бе?

— Әрине, мен азиялық Чемпиондар лигасын көремін.

— «Аль-Айн» финалға апарар жолда Криштиану Роналду өнер көрсететін «Аль-Насрды» және «Аль-Хиляльді» жеңді. Олардан мұндай ойынды күттіңіз бе?

— «Аль-Айн» белгілі команда және бірнеше жыл бұрын да жақсы ойын көрсетті. Мұндай нәтижеге таңғалған жоқпын.

— Сіздің ойыңызша, кубокты кім жеңеді?

— Әрине, мен «Иокогаманың» ұтатынына үміттенемін.

— Қазір немен айналысып жүрсіз? Менің білуімше, сіз жұмыссыз жүрсіз?

— Мен жеке жаттығудамын. Бірақ мен келіссөздер жүргізіп жатырмын және жақын арада Азиядан бір клубпен келісімге келемін. Шамалы уақыттан кейін бұл туралы ресми жариялай аламын деп ойлаймын.

— «Елімай» сапында сәтті өнер көрсеткеннен кейін Қазақстаннан ұсыныстар түсті ме?

— Кейбір қазақстандық командалар мен агентіммен келіссөздер жүргізді және мені алуға тырысты, бірақ өкінішке орай, бұл орындалмады.

— Қазіргі уақытта «Елімайдың» ойынын қарайсыз ба? Команда құрамы мен ойыны туралы не айта аласыз?

— Иә, мен барлық ойындарды көруге тырысамын. Оларда бәрі жақсы, мақсаттарына жете алады деген үміттемін.

— Жыл басында сізді команда оқу-жаттығу жиындарына шақырды, бірақ ақырында келісімшартқа қол қойылмады. Неге бұлай болғанын айта кетсеңіз?

— Иә, мен Түркияда командамен бірге болдым. Мен бас бапкердің ойынына сай келмедім. Алайда, футбол әлемінде мұндай жағдайлар жиі кездеседі.

— Жапония U-23 Азия кубогын жеңіп, Олимпиада ойындарына жолдама алды. Эмоцияларыңызбен бөлісе аласыз ба?

— Жастар құрамасының жеңісіне қатты қуандым. Ойындар қиын болды, бірақ олар жақсы командалық жұмыс пен өнер көрсетті.

— Құрамадан кімді атап өтуге болады?

— Джоэл Фудзита («Сент-Трейден», Бельгия) мен Курю Мацуки («Токио», Жапония) шынымен жақсы ойнады.

— Жапонияда африкалық қаны бар ойыншылар, мысалы, Фуджицу мен Лео Кокубо бар. Ұлттық құрамадағы афроазиялықтардың (хафу) интеграциясы туралы не ойлайсыз?

— Бізде қаны аралас бірнеше ойыншы бар. Олар Жапонияда дүниеге келіп, туған жерін мақтан тұтады және олар жапон тактикасы мен стратегиясын сәтті қабылдаған.