Ақтөбе қаласында волейболдан ерлер командалары арасында Қазақстан кубогының топтық бәсекелері мәресіне жетіп, ширек финалға шыққан жұптар белгілі болды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan Kazinform.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
А тобында «Атырауға» тең келер қарсылас болмады. Атыраулықтар «Есіл» (СҚО), «Буревестник» (Алматы) және «Тараз» командасын 3:0 есебімен жеңді. Осылайша олар ширек финалда Б тобында төртінші орын алған «Жетісу» клубымен кездесетін болды.
Б тобында «Жетісу», «Павлодар» және «Жайықты» 3:2 есебімен қапы қалдырған алаң иелері үздік шықты. Ақтөбеліктер ширек финалда «Есілмен» шеберлік байқасады.
Өткен жылғы ел кубогының иегері «Павлодардан» 3:0, «Жетісудан» 3:1 есебімен айласын асырған Оралдың «Жайығы» жартылай финалға шығу үшін «Буревестникпен» таласады.
Сондай-ақ «Тараз» - «Павлодар» матчының жеңімпазы жартылай финалға жолдама алады.
Ширек финалдық ойындар 11 қазан күні өтеді. Финал 13 қазанға белгіленген.
