13 қазанда Алматыда World Tennis ұйымының жыл сайынғы Бас ассамблеясы (World Tennis AGM) аясында мемлекеттік награданы табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport+.
Мемлекет басшысының атынан марапатты Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов табыстады. Бұл награда Дэвид Хаггертидің спорт арқылы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға қосқан көпжылдық үлесін мойындаудың белгісі болды.
II дәрежелі «Достық» ордені қоғамдағы өзара келісімді сақтауға бағытталған жемісті еңбегі, халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін беріледі.
Салтанатты рәсім Қазақстан Президентінің Бас ассамблея қатысушыларына арнаған құттықтау хатын оқудан басталды. Мемлекет басшысының құттықтау сөзін Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды оқып, Бас ассамблеяны ресми түрде ашты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында халықаралық форумның Алматыда өтуі әлемдік қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімі мен құрметін көрсететінін атап өтіп, World Tennis ұйымымен алдағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
«Осындай беделді халықаралық форумның Алматыда өткізілуі әлемдік қауымдастықтың елімізге деген жоғары сенімі мен құрметін көрсетеді. Біз үшін мұндай мойындау — үлкен мәртебе.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін World Tennis ұйымымен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз. Бүгінгі жыл сайынғы Бас ассамблея серіктестігімізді одан әрі нығайтуға және бүкіл әлемде теннис спортын дамытуға ықпал ететініне сенімдімін», — делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Қазақ халқының қонақжайлығы мен құрметінің белгісі ретінде Қазақстан теннис федерациясының президенті, World Tennis ұйымының вице-президенті Болат Өтемұратов Дэвид Хаггертиге ұлттық дәстүрге сай шапан жапты.
World Tennis AGM іс-шаралары Алматыда 10–13 қазан аралығында өтуде. Халықаралық форумға әлемнің 137 елінен 262-ден астам делегат қатысуда.
Бүгін, 13 қазанда, форумның негізгі стратегиялық отырысы — World Tennis Бас ассамблеясы өтуде. Жиында әлемдік теннисті одан әрі дамытудың басым бағыттары талқылануда.
