Англияда ел кубогының шешуші кезеңдері басталады, ал жартылай финалға жолдама үшін алғаш болып «Фулхэм» мен «Кристал Пэлас» алаңға шығады.  

Екі команда да керемет формада. «Фулхэм» соңғы 10 матчтың 7-еуінде жеңіске жетсе, «Кристал Пэлас» 8 рет жеңіс тойлады.  

Жалпы, «Фулхэм» үшін бұл маусым өте сәтті өтуде. Марку Силваның шәкірттері еурокубоктарға жолдама алу үшін күресті жалғастырып, Чемпиондар лигасы аймағынан небәрі 4 ұпайға қалып келеді. Сонымен қатар, олар өз алаңында тамаша ойын көрсетуде — соңғы 10 үй матчында тек 2 рет жеңілді.  

Оливер Гласнердің командасы да жеңісті сериясын жалғастыруға ниетті. Соңғы 4 кездесуде олар небәрі 2 гол ғана жіберді.  

Команда сапына басты сұрмергені Жан-Филипп Матета оралды. Ол бас жарақатынан толық айықты.  

Бұл маусымда командалар АПЛ аясында кездескен болатын. Ол кезде «Кристал Пэлас» 22 ақпанда сырт алаңда 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді.  

Келесі матч 29 наурыз күні сағат 17:15–те өтеді. Тікелей трансляция sportplustv.kz сайтында қолжетімді болады.