«Ордабасы» 2026 жылғы маусымда Қазақстан чемпионы атануға жақын тұр. Андрей Мартин шәкірттері чемпионаттың аяқталуына екі тур қалғанда екінші орында келе жатқан «Қайраттан» төрт ұпайға озып тұр.
Осылайша, 29-турда «Жеңісті» жеңген жағдайда шымкенттік клуб өз жанкүйерлерінің алдында чемпиондық атақты мерзімінен бұрын қамтамасыз етеді.
Ал «Жеңіс» Шымкентке сапар алдында бас бапкерсіз қалды. Владимир Слишкович келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты командадан кетті. Енді елордалық ұжымды маусымның соңғы екі ойынына Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы Антон Чичулин дайындайды.
Сонымен қатар «Жеңістің» көшбасшысы әрі капитаны Исламбек Қуат Шымкентке барған жоқ. Ол сары қағаздарының шектен тыс көп болуына байланысты алдағы кездесуге қатыса алмайды.
Матч сағат 18:00–де басталады.
Кездесуді Sport+ Qazaqstan телеарнасынан, сондай-ақ sportplustv.kz сайтынан тікелей эфирде тамашалауға болады.
