Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының өкілдері Нариман Курбанов пен Нуртан Идрисов Нидерландтың Роттердам қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына жолдама алды, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нариман Курбанов ат снарядындағы жаттығуда іріктеу кезеңінен сәтті өтті.

Отандасымыз төрешілердің шешімімен 14,866 ұпай еншілеп, екінші орынға ие болды. Одан жоғары нәтиже көрсеткен Армения өкілі Гамлет Манукян 14,933 ұпаймен бірінші орын алды.

Ал Нуртан Идрисов жекелей көпсайыстың финалына шықты. Ол алты снарядтағы жаттығулардың қорытындысы бойынша 79,665 ұпай жинап, іріктеу кезеңін 17-орынмен аяқтады.

Дегенмен Қазақстан ерлер құрамасы командалық финалға өте алмады. Ұлттық құрама 237,594 ұпай жинап, іріктеу кезеңінде 12-орынға тұрақтады.

Ерлер арасындағы жекелей көпсайыстың финалы 22 қазанда өтеді. Ал ат снарядындағы жаттығулар бойынша жүлделер 24 қазанда сарапқа салынады.