20 шілдеде Венгриядағы рейтингілік турнирде соңғы белдесулер өтеді. Қазірге дейін Қазақстан құрамасының қоржынында бір күміс пен төрт қола медаль бар.
Бүгін медаль қоржынын толықтыру мүмкіндігі грек-рим күресінің өкілдерінде — «классиктерде».
Бүгін жеті салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады:
55 келіде Қазақстан атынан Алпамыс Дастанбек пен Марлан Мұқашев өнер көрсетеді. Екеуі де жарысты ширек финалдан бастайды.
60 келіде Айдос Сұлтанғали іріктеу кезеңінен, ал Ғалым Қабдуназаров 1/8 финалдан жарыс жолына шығады.
63 келіде Ережет Жарылқасын мен Еркебұлан Ардақов іріктеу кезеңінен бастайды.
67 келіде ел намысын үш балуан қорғайды: Дамир Ибрашов — іріктеу кезеңінен, Дінмұхаммед Қошқар мен Сұлтан Әсетұлы — 1/8 финалдан бастайды.
77 келіде тек бір балуан — Елдос Камалов сынға түседі.
82 келіде үш балуан өнер көрсетеді: Шамиль Ожаев, Диас Қален және Альмир Төлебаев.
97 келіде Қазақстан намысын Юсуф Матсуев қорғайды.
Алдын ала белдесулер сағат 13:30–да басталады. Тікелей трансляция sportplustv.kz сайтында қолжетімді болады.
