«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш берді. Клуб басшылығы маманның шешімін қабылдап, оның өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды Sport+.

Рафаэль Уразбахтин 2024 жылдың қыркүйегінде команданың тізгінін ұстап, алғашқы маусымында-ақ «сары-қараларды» Қазақстан чемпиондығына жеткізді.

2025 жылы оның жетекшілігімен «Қайрат» Қазақстан Суперкубогын жеңіп алып, чемпиондық атағын қорғады. Сондай-ақ клуб өз тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды.

2026 жылғы маусымда алматылық команда УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіне шығып, Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Бас бапкердің міндетін атқарушы болып бұған дейін «Қайрат-Жастар» командасын жаттықтырған Жора Арутюнян тағайындалды.

Енді оның жетекшілігімен алматылық клуб «Алтайға» қарсы алдағы кездесуге дайындалады.