Мысырдың Каир қаласында 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы теннистен командалық әлем чемпионаты – Junior Davis Cup Finals 2026 турнирінің топтық кезеңі аяқталды.
Құрамында Ахмади Маханов, Ансар Ниетқалиев және Родион Трайгель бар Қазақстан құрамасы D тобында Франция, АҚШ және Үндістан командаларымен сынға түсті.
Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық теннисшілер Франция құрамасымен кездесті. Қарсыластар командалық кездесуде 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Екінші ойын күнінде Қазақстан құрамасы АҚШ командасына қарсы өнер көрсетті. Америкалық теннисшілер үш матчтың барлығында басым түсіп, кездесуді 3:0 есебімен аяқтады.
Топтық кезеңдегі соңғы кездесуін Қазақстан құрамасы Үндістанға қарсы өткізді. Үндістандық теннисшілер де үш матчта жеңіске жетіп, командалық кездесуді 3:0 есебімен өз пайдасына шешті.
Осылайша, Қазақстан құрамасы топтық кезеңді өз тобында үшінші орынмен аяқтады. Енді ұлттық команда турнирдің қорытынды 9–16-орындары үшін күресті жалғастырады. Қазақстандық жасөспірімдердің келесі қарсыласы Аустралия құрамасы болады.
Еске сала кетейік, Junior Davis Cup Finals турнирінің финалдық кезеңіне әлемнің ең үздік 16 жасөспірімдер құрамасы қатысады. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша әр топтан үздік екі команда ширек финалға жолдама алады, ал қалған құрамалар қорытынды орындар үшін өтетін жіктеу матчтарында өнер көрсетеді.
2024 жылы Занғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай және Даниэль Тазабековтен құралған Қазақстан құрамасы Аустралияда өткен жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогында бесінші орын алған болатын.
