Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Үндістанның Ченнай қаласында өтіп жатқан WTA 250 санатындағы турнирдің негізгі кезеңін жеңіспен бастады.
Бірінші айналымда әлемдік рейтингте 473-орында тұрған отандасымыз WTA рейтингінің 282-сатысындағы жапониялық Мэй Ямагучимен кездесті.
Қарсыласының әлемдік рейтингтегі орны жоғары болғанына қарамастан, Жібек екі сетте 6:4, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Тартысты кездесу 2 сағат 1 минутқа созылды.
Матч барысында қазақстандық теннисші қарсыласының екінші добын қабылдау кезінде ұпайлардың 62 пайызын жеңіп, он брейк-пойнттың жетеуін сәтті пайдаланды. Сонымен қатар, Құламбаева 150 ұпайдың 83-ін өз еншісіне жазып, жалпы ұпайлардың 55 пайызын иеленді.
Айта кетейік, Жібек Құламбаева турнирдің негізгі кезеңіне іріктеу сайыстары арқылы жолдама алған болатын. Енді ол ширек финалға шығу үшін бақ сынайды.
Екінші айналымда қазақстандық теннисші жапониялық Моюка Учижима мен турнирдің үшінші ракеткасы, польшалық Магда Линетт арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.
