Мысыр астанасы Каирде 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы командалық әлем чемпионаты — Junior Davis Cup Finals турнирі басталды. Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күнінде Франция командасына қарсы кортқа шықты.

2–8 қараша аралығында өтетін әлемдік додаға 16 елдің үздік жасөспірімдер құрамасы қатысуда. Жарыс Каир қаласындағы Smash Sporting Club теннис кешенінде ұйымдастырылған.

Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы D тобына түсті. Отандастарымыз Франция, АҚШ және Үндістан командаларымен ширек финал жолдамалары үшін таласады.

Алғашқы жарыс күнінде қазақстандық теннисшілер Франция құрамасына қарсы кездесу өткізуде.

Бірінші жекелей сында Қазақстан намысын Ансар Ниетқалиев қорғады. Ол франциялық Бенуа Гелдофқа қарсы ойнап, екі сет қорытындысы бойынша 3:6, 3:6 есебімен жеңіліс тапты.

Осылайша Франция құрамасы командалық кездесуде 1:0 есебімен алға шықты.

Екінші жекелей кездесуде Қазақстан атынан Ахмади Маханов өнер көрсетеді. Оның қарсыласы — Пабло Прадам. Бұл матчта қазақстандық теннисші есепті теңестіруге мүмкіндік алады.

Қазақстан құрамасының сапында Ансар Ниетқалиев, Ахмади Маханов және Родион Трайгель бар. Команда капитаны — Сергей Квак.

Айта кетейік, қазақстандық жасөспірімдер биыл Шымкентте өткен Азия және Океания аймағының іріктеу кезеңінде табысты өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды. Финалға дейін жеткен Қазақстан құрамасы шешуші кездесуде Австралияға есе жіберді. Осы нәтиженің арқасында отандастарымыз әлемдік финалға жолдама алды.

Junior Davis Cup Finals турнирінің топтық кезеңі үш күнге созылады. Әр топтан үздік екі құрама ширек финалға шығады. Командалық кездесулер екі жекелей және бір жұптық матчтан тұрады.

Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында  пайдалана алады.