16 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Грузияда өткен халықаралық Batumi Cup 2026 турнирінде екінші орын алды, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап. 

Жарыс барысында отандық футболшылар сенімді ойын өрнегін көрсетті. Есімбек Нұрахметовтің командасы турнирдің алғашқы матчында «Динамо Батуми» клубын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Дастан Рүстем, Сержан Жанмұрат және Максим Бонет бір-бір голдан соқса, Мансұр Ақылбек дубль авторы атанды. Кейінірек құрама «Иберия 1999» командасымен 1:1 есебімен тең түсті. Бұл ойында қарсылас қақпасына енген жалғыз допты Дастан Рүстем соқты. Испаниялық «Вильярреалға» қарсы өткен тартысты матч та 1:1 есебімен тең аяқталды, мұнда Никита Духов мергендік танытты.

Бұдан кейін Қазақстан жасөспірімдер құрамасы «Динамо Тбилиси» командасын 2:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Командаға жеңіс сыйлаған голдарды Никита Духов пен Әлихан Қуандық соқты.

Batumi Cup 2026 турнирінің финалдық матчында қазақстандықтар испаниялық «Вильярреалмен» қайта кездесіп, 3:0 есебімен есе жіберді.

Осылайша олар турнирдің күміс жүлдегері атанды.

Қазақстан U-16 құрамасы матчтарының нәтижелері:

Қазақстан U-16 — «Динамо Батуми» — 5:0

Голдар: Рүстем, Жанмұрат, Бонет, Ақылбек (дубль).

«Иберия 1999» — Қазақстан U-16 — 1:1

Гол: Рүстем.

«Вильярреал» — Қазақстан U-16 — 1:1

Гол: Духов.

Жартылай финал: «Динамо Тбилиси» — Қазақстан U-16 — 0:2

Голдар: Духов, Қуандық.

Финал: «Вильярреал» — Қазақстан U-16 — 3:0