Тиранада (Албания) өтіп жатқан «Мухамет Мало» рейтингтік күрес турнирінде Қазақстан құрамасының қоржыны әйелдер күресінен екі алтын медальмен толықты, деп хабарлайды Sport+.

50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Зейнеп Баянова финалда үндістандық Приянчи Пражаратты 13:2 есебімен жеңіп, беделді турнирдің чемпионы атанды.

Қазақстанға екінші «алтынды» Лаура Алмағанбетова (55 кг) сыйлады. Шешуші белдесуде ол украиналық Лилия Маланчукты 3:2 есебімен ұтты.

Айта кетейік, бұған дейін турнирде еркін күрес шеберлері — Болат Сақаев (86 кг), Азамат Дәулетбеков (92 кг) және Ризабек Айтмұхан (97 кг) қола жүлдегер атанған болатын.

Тиранадағы халықаралық турнир 1 наурызда аяқталады.