Қазақстандық маман Олжас Абраев УЕФА Чемпиондар лигасының «Фенербахче» (Түркия) мен «Славия» (Чехия) арасындағы матчында УЕФА делегаты қызметін атқарады, деп хабарлайды Sport+. 

Кездесу 20 қазанда Түркияның Ыстамбұл қаласындағы «Шюкрю Сараджоглу» стадионында өтеді. Олжас Абраев 2013 жылдан бері УЕФА матчтарының делегаты, ал 2016 жылдан бастап ФИФА матч комиссары болып жұмыс істейді.

Матч делегаты — жарыс кезінде УЕФА-ның ресми өкілі. Оның міндетіне матч алдындағы ұйымдастыру жиналыстарын өткізу, турнир регламентінің сақталуын, стадиондағы және оның сыртындағы қауіпсіздік талаптарын бақылау, сондай-ақ ойынға дейін, матч барысында және кездесуден кейінгі ұйымдастыру жұмыстарына қатысу кіреді.

Матч аяқталған соң делегат УЕФА-ға ойынның өтуі және белгіленген талаптардың орындалуы туралы есеп береді.

Қазақстандық үш маманның УЕФА-ның үш клубтық турниріндегі матчтарға қатар тағайындалуы — отандық футбол мамандарына деген сенімнің және олардың халықаралық деңгейдегі тәжірибесінің жоғары екенін көрсетеді.