NAIZA лигасының жартылай ауыр салмақтағы чемпионы Сайхан Джемухаев чемпиондық белбеуін алғаш рет қорғау үшін басқа қарсыласпен жекпе-жек өткізеді. Оның жаңа қарсыласы қазақстандық Мұратжан Юсупов болмақ.

«Сайхан қазір жанымызда отыр, бірақ оның қарсыласы мұнда жоқ. Осы уақытқа дейін оған бес-алты қарсылас ұсынылды. Өкінішке қарай, соңғы қарсыласы Ресейден ұшып келе алмады. Сондықтан матчмейкерлер қысқа уақыт ішінде оның орнына „Бомба“ лақап атымен танымал қазақстандық файтерді тапты. Қазір ол жолда келе жатыр. Дегенмен жекпе-жек міндетті түрде өтеді», — деді NAIZA лигасының президенті Нұрбек Қарабала баспасөз мәслихатында қарсыластың ауысуына қатысты.

Мұратжан Юсуповтың кәсіпқой мансабындағы көрсеткіші — 7 жеңіс және 1 жеңіліс. Ол NAIZA лигасында төрт жекпе-жек өткізіп, үшеуінде жеңіске жеткен. Жалғыз жеңілісін Әли Бадрудиновтен алған.

Қазіргі уақытта Юсупов қатарынан үш жекпе-жекте жеңіске жетіп келеді. Соңғы кездесуін 23 қазанда Кореяда өткізіп, Сенг Юн Лиді төрешілер шешімімен жеңген.

Павлодарда өтетін NAIZA турнирін Sport+ Qazaqstan телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады.